"Ақмола облысы білім басқармасының Целиноград ауданы бойынша білім бөлімі Жаңажол ауылының негізгі орта мектебі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Коммунальное государственное учреждение "Основная средняя школа села Жанажол отдела оброзования по Целиноградскому району управления образования Акмолинской области"

Біздің әлументтік желілер

Ұйымдар тізімі

Галерея

Смотреть все>>>

Нияз би кесенесі

30.10.2020

Нияз Тілеуліұлы (1741-1790) – Абылай ханның бас билерінің бірі. Тапқырлығы мен әділдігіне риза болған Абылай Нияз би талантын жоғары бағалаған. Би өмірінің көпшілігін Қараөткелде, Көкшетау өңірінде өткізген.

Осындай ұлы батырлар мен билердің ортасынан тәлім алған Нияз ер жете келе Есіл, Нұра жағалауларын, Атбасар, Қараөткел атырабын мекен еткен елдерді басқарып, әділ билік жүргізген. Елдікті, ерлікті, бірлікті, ынтымақты, адалдықты, адамдықты уағыздап келген. Зерттеушілер Ақмола (қазіргі Астана) қаласы атауының тарихын Нияз би қабірінің басына орнатылған ақ моламен байланыстырады. Ұзын кыпшақтар Торғай өзенінің алқабындағы қазіргі қоныстарына XVIII ғасырдың ақырында Нияз және Кенжетай билердің нұсқауымен келіп мекендеген. Нияздан Айдаралы, Байдалы, Жақсылық, Айдарбек, Байғозы ұрпақтары тарайды. Әкесі Тілеулі батыр 92 баулы қыпшақ жұртының құрама қолын басқарған Аңырақай, Қалмақкырған, Қалақұм, тағы сондай атақты шайқастарда талай-талай ерлік көрсеткен Абылай ханның жеңімпаз батыры болған.

Сарыарқаның қос өзені Есіл мен Нұра арасындағы Тайтөбенің биік жерінде Нияз би кесенесі орналасқан.

Ел аузындағы әңгімелердің бір нұсқасында қаланың Ақмола атауына себеп болған осы Нияз атаның зираты деседі. Төбе басындағы жалғыз күмбез бейне бір тыныштықтың күзетшісіндей. Осыған қарап «Жауластыр­мақ – жаушыдан, елдестірмек – елшіден», «Елшісіне қарап елін таны» деген қағида Абылай хан заманындағы Нияз би секілді бабаларымыздың тапқыр да ұтымды шешімдеріне қарата айтылған болу керек-ау деп ой түйесің. Тарихтың ақжал толқындарымен жармасып жағаға шығып, біздің қолымызға түскен бір деректі әңгіменің мынадай өзекті тұсы бар: «Абылай ханның Кенжетай, Нияз деген екі биі болыпты. Деректі дәйектер Ниязды ханның сенімді серігі болған деседі. Аузы дуалы бұл билердің айтқаны қате кетпей, өз нысанасына дөп тиіп жатады екен. Қашанда жақсының соңынан сөз ерген, басқа билер бұл екеуін күндеп: «Кенжетай мен Нияз ханды қалжақтайды, ал оларды хан жақтайды» деген мәтелді халық арасына таратып жіберіпті. Бұл әңгіме Абылай ханның құлағына жетіп, ел басқарған басшыны терең ойға батырса керек. Қарша бораған бос әңгіменің бір ұшын түйіндемек болып, күндестіктің көлеңкесінде жүрген он биін шақырып алған хан:

«Жердің құты, елдің құты, ауылдың құты, аймақтың құты не?» деп сұрапты. Ажары жердің бетінде болғанымен, сыры тұңғиықтың тереңінде жатқан жұмбақ пішінді салиқалы әңгіменің шешуін таба алмаған он би абдырап қалыпты.

Ханның қалауы бойынша шақырылған Кенжетай мен Нияз да жеткен екен. Хан алдына шарта жүгінген екі биге Абылай: «Белдеріңді шешпес бұрын мына жұмбақты шешіңдер» деп, әлгі сұрағын қайталапты. Сонда Кенжетай би: «Ныке, қазақта үлкендер алса сөз басын, кіші тұрар бас иіп» деген бар. Жасыңыз үлкен адамсыз, алдымен сіз сөйлеңіз, сізден сөз қалса, мен айтайын» деп әдеп көрсетіпті.

Сонда Нияз би алға бір адым басып: «О, хан ием, меніңше, жердің құты – жаңбыр, елдің құты – азамат, ауылдың құты – жақсы әйел, аймақтың құты – әділ басшы» деп жауап беріпті. Қабірі қара жер болса да, қадірі жоғалмаған қасиетіңнен айналайын, қайран бабам, аузынан сөз қалмаған он бидің шеше алмаған әңгімесінің түйінін бір өзі шешіп, ел аузында қалған екен. Сөздің төркінін түгендеп, ақылын азайтпаған даналардың аузынан кесек алтындай болып құйылған сөз мәйегі өз бедерін жоғалтпай, қанша уақыт өтсе де күні бүгінге дейін салмағын ұстап тұр.

Тарихтың тереңіне тамыр тартқан ескі әңгімелердің арқауы қазақ даласында ел үшін, жер үшін аттың жалында ғұмыр кешкен ата-бабаларымыздың ерен ерліктерін жиі айтады. Жауға шап­қан батырдың, оны жырлаған ақынның, ел басқарған ханның, сөзге иелік еткен бидің кім болып келіп, кім болып кеткені бір тарихқа ғана аян. Өткен тарихтың мың белесінен мың түрлі әңгіме шерткен уақыт тілі Тайтөбенің биігінде қалған бір сырдың шетін шығарғандай. Төрт ғасырдың төрт биігінен өтіп, бүгінге жетіп, өткен дәуірдің құлаққа жағымды жыр тектес әпсанасын тыңдатқан Тайтөбенің қойнауы тарихтың құпия көмбесінің бетін аша бастаған сыңайлы. Шоқы басына салынған айшықты кесене көненің көзін жаңаға жақындатқан алтын көпір тәрізді.

Абылай ханның тұсында атағы дәуірлеп, есті әңгімелері елдің есінде қалған көреген бидің ұрпақтары ата даңқын әспеттеп, айдалаға осы бір құнды жәдігерді тұрғызған. Кесененің кіреберіс маңдайшасында Нияз бидің есімі, өмір сүрген жылдары жазылған. Үйдің ішіне кіргенде бір қабырғасына тұтастай Нияз бидің өмірі, ақ кесенесі туралы жазылған деректерді аңғарасыз: «Бисмилаһир рахманир рахим». Нияз Тілеуұлы (1733-1784) – Қыпшақ, Ұзынның Алтыс тармағынан. Абылай ханның бас билерінің бірі, кемеңгерлігі мен көрегендігі үшін Абылай хан Нияз биді «хан» деп атаған. Әкесі Тілеулі (1695-1760) – қазақ халқының батыры. Ол 1738 жылы Орта жүз рулары Ресеймен біріккенде қалың Қыпшақтың атынан антқа қол қойған.

Нияз бидің шешесі – Жапалақ Тама Есет батырдың қарындасы. Он жасынан бастап билік айтқан Нияз бидің өмірі Қараөткел, Көкшетау өңірінде өткен. Нияз бидің ұрпағы – Әбдіғаппар Жанбосынұлы 1916-1917 жылдардағы бүкіл қазақ қатысқан ұлт-азаттық көтерілісінің Торғайдан шыққан көсемі.
Ақмола атауы дәл осы жердегі Нияз бидің басында орнатылған ақ моладан шыққан. Ресей патшасының жарлығымен 1868 жылы бекітілген Ақмоланың төлтаңбасында Нияз бидің ақ кесенесі ақ күмістен, оның үстіне орнатылған Ай таза алтыннан қондырылған. Осы ескерткіш тақтадағы деректер академик Манаш Қозыбаевтың тарихи еңбектері мен Қазақстан Ұлттық энциклопедиясының 7-томында жазылған.

Нияз бидің бұл ақ кесенесін Ақмолда Қамзаұлы бастаған Нияз бидің ұрпақтары 2009 жылы 22 тамызда орнатып, бабаларының әруағына Құран оқытып, ас берді. Ақ кесененің жобасын жасаған Қабден Әбдіғапар. Нияз би туралы деректерді жинап, зерттеген Мақсұтбек Сүлеймен.
Ер есімі ел тарихында, қалың жұртының көкірегінде қалуы үшін ұрпақтары жасаған сауапты жұмыстарға Алла берекесін беріп, соңын қайырлы қылғай деп тіледім. Кесене ішіндегі бірден көзге түсетін тағы бір дүние, қабір басына орнатылған тақтайша. Ол жерде ақын Жүрсін Ерманның мынадай өлең жолдары жазылыпты:

Ей, ұрпақ!
Бабалардың даңқын асыр,
Хан Нияз ер еді ғой халқына асыл.
Тайға таңба басқандай ізің жатыр,
Қазақтың тарихында жарты ғасыр.
Тегіннен тараған жоқ көпке атағың,
Перзенті Қызыр берген ақ батаның.
Алтын құрсақ Жапалақ анамыз бен
Тұяғы Тілеулідей текті атаның.

Просмотров: 819


Добавить комментарий



Включить данные в подпись

Текст