Экологиялық сағат аясында ағаш отырғызу ең айтулы күн болды
Ақмола облысы, Целиноград ауданы Жаңажол ауылы №7 негізгі мектебінде 3 қазан экологиялық сағаты өтті. Негізгі мақсаты туған жерге, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру, экологиялық білімді қалыптастыру, туған жер мектептерде экологиялық сағат өтуде және мектеп оқушылары ағаш отырғызуда. Мектебімізде экологиялық сағат барысында мектеп директоры Қ.Қ. Мауленова оқушыларға табиғаттың адам өміріндегі зор маңыздылығын айтып, оны аялауға, сақтап қорғауға өз үлестерін қосуға үндеп, ақ тілегін жеткізді. Биология пәнінің мұғалімі Н.С.Рахимжанова оқушыларға экологиялық білім беру мақсатында арнайы сабақ өткізді. Сабақ барысында экология туралы бейнефильм көрсетілді. Оқушылар жалпы экология жайында, өздерінің туған жеріне, қоршаған ортасына тигізер пайдалары мен үлестері туралы ой-пікірлерін жеткізді.
Қазіргі кезде экологиялық білім мен тәрбие беру ең негізгі мақсаттардың бірі. Біз балаларға экологиялық білім бере отырып экологиялық сананы, тәрбиені қалыптастыруымыз керек.
Осы мақсатта экологиялық сағат біткен соң оқушылар, ұстаздар, ауыл ақсақалдарының қатысуымен мектеп ауласына көшеттер отырғызылды. Ең алдымен ауыл ақсақалдары Қырғызбай Қиса, Мұқажан Қошқаров, Бекенов Қуантай аталарымыз ақ батасын беріп оқушылармен бірге ағаш отырғызды.
Қиса ақсақалымыз оқушыларға табиғатты қорғау – бәріміздің борышымыз, бүгінгі шара игі іс екендігін, сонымен қатар мектеп ауласында өздерінің жас шақтарында отырғызған ағаштардың қалай жайқалып тұрғанын айта келе өскелең ұрпаққа бүгінгі отырғызған көшеттерді баптап өсіру қандай игілікті іс екенін, тигізер пайдасы жөнінде кеңінен әңгімелеп ақыл-кеңестерін айтты. Оқушылар да өз кезектерінде отырғызған ағашттарына ақ тілектерін алдағы армандарын айтып, өз қоршаған ортасын қорғауға уәделерін жеткізді. Аудандағы игі бастама ауылдағы ізгі шараға қатысқан оқушылар, ұстаздар, ауыл тұрғындары үшін қуаныштты сәт болды.