Қазақ отбасында өз баласын мейірімділікке, имандылыққа баулып өсірген. Үнемі отбасында осылай тәрбие көрген бала ақырында, өздігінен тіл алғыш, адал, тиянақты, ұқыпты болып шыға келеді.
Тәрбие басы әдептілік деп білген ата-ана әуелі баласына өздерін сыйлап-құрметтеуді, өзгелерге, әсіресе үлкендерге, сыпайылық танытуды, ешкімді мұқатпауды үйреткен. Сонымен қатар, балаларының ер-азамат болып, халқына еңбек етулерін басты міндет етіп қойған.
Ұлттық салт-дәстүрімізді білу, оның астарын түсініп, атадан балаға мирас ету қазіргі таңда әсірісе қазақ қыздары үшін ауадай қажет. «Қыз тәрбиелей отырып- ұлтты тәрбиелейміз» деген қанатты сөздің өзі қыз бала тәрбиесінің қаншалықты маңызды екенін білдіреді.
Қыздың бойындағы ізеттілік, көргенділік нәресте кезінен ана сүтімен бойына сіңген. Қатты күлмеу, айқалап сөйлемеу, үлкеннің жолын кеспеу, ыдыс –аяқты сылдырлатпау, алдымен кіріп, артымен шығу, есікті теуіп ашпау, босағаны кермеу, үлкендерден жоғары отырмау тәрізді тіпті қыз баланың отырысына, жүрісіне, киім киісіне, дауыс ырғағына дейін мән берілды. Мейірім бала кезден, ең жақын адамын сүюден басталады. Әрбір қыз балаға ата-анасын, туыстарын, ұстаздарын сыйлап, қадірлей білуді үйретсе, болашақта одан елін ,жерін, халқын сүйетін, өз шаңырағын ардақтайтын, балаларын жақсы көретін қамқор ана, қайратты жан, нәзік ару шығатыны сөзсіз. Қыз баланың жақсы болып өсуіне оның өскен ортасының, бірге жүрген құрбы-құрдастарының, дос-жарандарының да әсері күшті. Қазақтың «Қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол», «Қызға қырық үйден тыйым» деген нақыл сөздері сол өмір тәжірибесінен алынған. Сонымен қазіргі заманғы қыздардың бойынан: ақылдылық, инабаттылық, сымбаттылық, көріктілік және де іскерлік қасиеттері де табылуға тиіс. Халық «Өнерсіз қыздан без, өнегесіз ұлдан без» деген. Ұлы Абай атамыз «Ары бар, ақылы бар, ұяты бар ата-ананың қызынан қапы қалма» деген екен.